Шығыс ойшылы Шәмс Тебризидің өмір сүру қағидалары.

    Шығыс ойшылы Шәмс Тебризидің дұрыс өмір сүру ережелері.

Шығыс мәдениеті көз тартарлықтай жәуһарға және тылсымға тұнған философияға толы. Шығыс елінен әлемге танылған ғұламалар,атақты ойшылдар,ақындар,лириктер шыққан. Атақты ойшылдардың бірі Шәмс Аддин Тебризи. Бұл ойшыл туралы деректер жоқтың қасы. Ғалымдардың болжамы бойынша, Шәмс Аддин Тебризи 1185 жылы қазіргі Иранда Тебриз деген қалада дүниеге келген. Текті,дәулетті отбасынан шыққан ойшыл,жастайынан ілімге құштар болып өседі. Зеректігімен есте сақтау қабілетімен көзге түскен Шәмс Тебризи шариғатты, философияны, математиканы, химия, логика салаларын оңай меңгеріп алады. Ержетіп, оң солын таныған ойшыл дүниежүзін аралап білмейтін ілім, танысық елдерді зерттеуге шығады. Кезекті сапарында ол Жәләладдин Руми «Мәуланамен» кездесіп,араларында рухани достық пайда болады. Бұл достық екі ойшылдың дүниетанымдарына оң әсерін тигізеді.

Шәмс Тебризидің дүниетанымы, көзқарасы Шығыс халықтарының діни-философиялық ойларын арттыра түскен. Бұл шығармада Шәмс Тебризидің қысқаша өмірлік ұстанымдары айтылған.

Қай уақытта, қай жасымызда болсақ та өз-өзімізден есеп алуға міндеттіміз. «Өмірімді жақсартуға, ұстанымдарымды, көзқарастарымды өзгертуге дайынмын», деп айтуға  әрқашан  уақыт табылады. Басымыздан көптеген қиыншылықтар өтсе де, барлығына төтеп беріп, орнын қалпына келтіруге әлі де кеш емес. Тек қана бүгінгі күн кешегі күнге ұқсамауы тиіс. Өмірді жаңа беттен бастауға, әр сәтте, әр демде жаңарып отыратын тылсым күшті деміміз таусылғанға дейін өшіріп алмауға ұмтылуымыз қажет.

Кейбіреулерге «ғашықтық» бір өмірлік сапар болуы мүмкін. Бұл сапарға шыққан жолаушы қаласа да, қаламаса да, тұла бойы өзгереді. Бұл сапарды тәрк етіп, кері қайтқан жолаушы жоқ. Бұл сапарда жол көрсетуші, нұсқаушың - жүрегің болсын.

Нәпсіңді өшірушілерден емес, тізгіндеушілерден бол. Басыңа қандай да іс түссе де, өмірден түңілме.                                             

Бүкіл есіктер жабылса да, ОЛ саған ешкім білмейтін жасырын есігін ашады. Кейде бір есіктің жабылуы, басқа бір есіктің ашылуына себепкер болып жатады.                                                                                                             

Шүкір ет. Қалауыңның, арманыңның орындалуы өзіңе ғана байланысты. Тілегің орындалмаса да, шүкір ет. Сабыр қыл. Ұмытпа, сабыр қылу - әрекет жасамау емес, алдыға беттеп күресуің, адымдарыңды нық басып аттауың. Сабыр деген не екенін білесің бе? Тікенге қарап гүлді, түнге қарап күндізді салыстырып, жаныңды реттеуің.                                 

Әрқайсысымыз оқып бітіре алмаған бір туындылармыз. Басымыздан өткен қиыншылықтар тек қана бізге сабақ болу үшін беріледі. Қиыншылықтардан, ауыртпашылықтардан қорқып, қашпауымыз қажет. Толғақ болмастан әйел бала туа алмайтыны сияқты, жеңілдіктің жемісін ауыртпашылық болмай көре алмаймыз. Бұл өмір жолыңда сен өзіңнен сынақтарға төтеп бере алатын тұлға жасауың керек. Дүниенің түкпіріне саяхат жасасаң да, қай бағытқа кетсең де, сапарыңда тек өзіңді таны, дүниені емес... Өзін танып-білген тұлға - кемшіліктерін кемітуге асығады. Басқаларынан ілтипат, құрмет, мейірімділік күткен адам, ең бірінші өзін сыйласын, содан соң ол адамды қоршаған ортасы құрметтейтін болады.                                                                                                                          

Өзіңе құрметің дұрыс болса да, өмір саған тікенді жол жіберді ме, қорықпа, тағдыр саған жақында жайқалған гүлді өмір жібереді. Өміріңді бір үлкен қазан ретінде ойла, іс-әрекетің, амалдарың, сөйлеген сөздерің осы қазанға салынатын тағамың деп есепте. Олай болса, қазанға ең бірінші не салдың? Уайым-қайғы, көңілге кірбің тиетін сөздер, ашу-ыза кек пе?... Болмаса сүйіспеншілік, сенімділік, тыныштық па?... Асыңа қандай да бір тағам қоссаң ол тағамды бүлдіріп, уландырып та аласың, ал керісінше, қандай да бір басқа тағам қойсаң, ол астың дәмін тіл үйіретіндей қылады. Таңдау өзіңде...

Адамдар жақсы көргендерімен сыналады. Кейбіреулері мал-мүлікпен, басқалары атақ-даңқпен, кейбіреулері әйел затымен... Тағы басқалары еркекпен сыналады. Адам баласы бұ фәниде бір затты пір тұтса, әлбетте пір тұтқанынан құтылу керек. Нәпсісін тізгіндейтіндердің қатарында болу керек.                                                                                           

Сені байланған бос істер сенің алға жылжуыңа кедергі жасайды. Өміріңдегі күтпеген өзгерістерді түзеймін деп тырысқаннан гөрі, тағдырыңа разы бол. Өмірің өзіңмен бірге ақсын. «Өмірім күрт өзгереді, барлығы менен сырт айналады, өмірім қиындайды»- деп уайымға салынба. Кім біледі, мүмкін өзгерістер өзің үшін жақсылықтарымен толы болар. Адам баласы «қымбатты» деп көргендерімен сыналады ғой...

Адам баласы «қымбаттыларының» жақсылығын көргеннен соң, сол жақсылықты ұстап қалу үшін күреседі. Бірақ бұл күреске жұмсаған күші, адамның алтын уақытын алады. Пайдасыз, керексіз күрес болады. Күрестің жалғыз жеңісі - ол, тәуекел. Көптеген тәжірибелерде көретініміз, тәуекел еткендер жүрек тыныштығына кенелгендерін айтады. Тәуекел ету - майданнан кері шегініп, жеңілу емес. Шегіну - әлсіздік таныту емес. Тағдырына разы болу. Тағдыр - жолымызды бұрыннан сызып қою деген сөз емес, «енді қайтерміз, тағдырымыз солай шығар, көнерміз енді» - деп, мойнын салбыратып, жасын сүрту надандықтың белгісі. Тағдырымызға, мақсат-мұраттарымызға күресу - көзі ашықтықтың белгісі. Тағдыр -сапарымыздың соңғы аялдамасы емес, жолдарымыздың бірнеше тарапқа айырылуы. Тағдырыңды тізгінде ұстаушылардансың, я болмаса тағдырыңның толқындарына қарсы келе алмайтындардансың. Таңдау өзіңде...Тағдырыңның иесі өзіңсің.                                                                    

Дене тек жылжымалы күш қана емес, көзге көрінбейтін тылсым күштермен байланысқан құрал. Ұмытпа, ешкімнің ақына қол созба. Біреуге қастандық жасама. Біреудің қарғысы басқаларын бақытсыз етуі мүмкін... Біреудің бақыты басқа адамдарға тыныштық сыйлауы мүмкін...                                                           

Сен - өзіңнің ойларыңмен, уайым-қайғыларыңмен, қорқыныштарыңмен, жаратылған ғажайып жаратылыссың. Тұнып тұрған мөлдір бұлақсың. Ғажап жаратылыс екеніңді мойында. Себебі,адам жаратылыстардың ішінде ақыл-есі үстем болғандықтан өз-өзін соған лайық ұстауы қажет. Тағдыры қандай тосынсый әкелетінін білмейді, мысалы жала жабылса, түрмеге отырса, құлдыққа түссе де, еңсесін биік ұстап, көзінен тек сенімділіктің белгісі тұратындай мықты болуы қажет.                                                                                                      

Өз өмір құралдарың болсын. Бірақ құралдарыңды нәпсіңнің ығына қарай қолданба. Ойлау деңгейі төмендерден алыс бол. Бірақ өзіңнен жоғары болғандарға еріп, оларға құл болма. Өз-өзіңе сенімділігің жоғары болсын, бірақ сенімділікті тәккапарлықпен жойып алма. Өзіңнің еншіне «нәсіп» болғанға шүкір етіп,оған лайық болуға тырыс. Әрбір адам өз әрекетін,нәпсісін тізгінде дұрыс ұстауы қажет.     

Қанша адам бар болатын болса, сонша тағдыр бар. Кейбіреулері жол апатына түсер, кейбіреулері дерті жоқ ауруға ұшырар, кейбіреулері сүйіктісінен айрылар, кейбіреулері материалдық проблемалары болар, барлығымыз сан қилы сынақтардан өтіп сыналамыз. Бірақ, бұл сынақтардың да хикметін түсініп, шындалатындар бар. Өкінішке орай, кейбіреулері сол сынақтарды басынан өткізіп, жүректері мұз болып шығатындар да бар. Жаратушымыз бұл сынақпен қатар біз білмейтін хикметін жібергені күмәнсіз. Жасалатын әр ісіміз, Жаратушымызға бойұсынудан басталады. Раббымызға бойұсыну - біздің соңғы демімізге дейін күш беретін тылсым сенім. Бойұсынушы адам - лайлы, батпақты жерлерді кешіп, аяқтары «таза» қалып, биік белестерге жаяу шығатын адам.

Мұсылман өзінің ішіндегі пасық мінезін біліп, күресуі қажет. Ал Құдайға сенбейтін адам, өзінің Құдайға сенімі жаратылысынан бар екенін мойындауы қажет.

Мұсылман тек қана сырт бейнесін реттемей, рухани дүниесімен де жұмыс жасауы шарт. Құдайдың бар екенін мойындамайтын адам баласы жоқ шығар, жүрек мойындар, ал ақыл қоршаған ортаның сөйлегенін сөйлеп, Құдайдың рас екенін мойындамас.

«Толыққанды кәміл адам» деген ұғымға жету үшін өмірдің ақ-қара жолдарымен жүріп, асау белдерінен өту қажет. Сол асау белдеулерден жарық нұрға жеткен адам ғана «кәміл адам» бола алады.

Әрқайсысымыз ерекше дара сипатта жаратылғанбыз. Алла куә, егер Алла қалағанда бәрімізді бірдей сипатта, бір ұлтта, бір бейнеде жаратар еді. Бірақ, әртүрлілік өмірді түрлі-түске бояйды. Сол түрлі-түсті тұлғаларға өздерінің қасиеттеріне сай құрмет көрсетіп, қарым-қатынас жасауымыз қажет. Әр тұлға әлі оқылмаған том-том кітаптар секілді...                                                                                                                                                               

Еңбек түрік тілінен аударылған...

Gauhar ErbolkyzyGauhar Erbolkyzy
6 лет назад 16978
2 комментария
О блоге